Алматы Футбол Федерациясы жылды қорытындылады

Алматыда қалалық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.

Биыл Алматы футбол федерациясының бастамасымен 100-ге жуық жарыс ұйымдастырылды. «А» Лигасындағы (ересектер арасында), Ардагерлер Лигасындағы (40 және 50 жастан жоғары), 7 жас бойынша Балалар және жасөспірімдер Лигасынадағы, «Үміт» және БАҚ Лигаларындағы турнирлерде 30 команда бақ сынады. Жалпы қалалық федерация ұйымдастырған жарыстарға 10 мыңға жуық адам қатысты.

Сайыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін атақты футбол ардагерлері мен футболшылар марапаттады. Қазақстан Футбол Федерациясының президенті Сейілда Байшақов ҚР Біріншілігінің жеңімпазы атанған 2005 жылғы Алматы қаласының футбол құрамасын марапаттады.

Осыған қоса қалалық федерация жас төрешілердің де еңбегін бағалады. Маусым қорытындысы бойынша Никита Утробин мен Диана Айтекова үздік атанды.