Ардагерлер арасында шағын футболдан турнир өтті

18-19 желтоқсан күндері Қостанай облысындағы Тобыл кентіндегі «Астана» спорт кешенінде ҚР Тәуелсіздік Күніне орай ардагерлер арасында шағын футболдан турнир ұйымдастырылды. 

Жарысқа Қостанай, Рудный, Арқалық және Лисаковск қалаларынан келген командалар қатысты. Командалар тек 40 жастан асқандардан жасақталуы тиіс еді. Турнирде кезінде атақты болған футболшылар, мысалы ҚР олимпиадалық құрамасының ойыншысы Сергей Масленов, футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасының аяқдопшылары Олег Лотов, Валерий Гаркуша, Дмитрий Лакамов және т.б. бақ сынады.

Жеребе бойынша «А» тобына «Тобыл» ФК, «Емшан» (Қостанай) және Лисаковск қаласының командалары түсті. «В» тобында Рудный, Арқалық қалаларының командалары және «Троя» ойнады.

Топтық ойындар айналмалы жүйе бойынша өтті. Плей-офф кезеңіне өз тобында 1 және 2 орын алған командалар шықты.

«А» тобында 1-орынды «Тобыл» ФК иеленді. Олар «Емшан» (4:2) және Лисаковск (3:2) командаларын жеңді.

«В» тобында барлық командалар тартысты ойын көрсетті. Көп кездесудің тағдыры тек соңғы минуттарда шешіліп жатты. Нәтижесінде 1 және 2 орын алған командалар қосымша көрсеткіштер арқылы ғана анықталды. Осылайша ең көп гол соққан Рудный қаласының командасы топ жеңімпазы болды. Екінші орынға Арқалықтан келген ойыншылар тұрақтады. Үздік үштікті «Троя» футболшылары түйіндеді.

19 желтоқсан күні жартылай финалдық матчтар өтті. Бірінші жұпта «Тобыл» ФК Арқалықтан келген ойыншыларды 6:4 есебімен жеңді. Ал Лисаковск командасы рудныйлықтарды 7:0 есебімен ұтты. Осылайша финалға «Тобыл» ФК мен Лисаковск командасы шықты.

Қола жүлделер үшін болған матчта Арқалық ойыншылары Рудный командасын 3:1 есебімен басым түсті.

Тартысты өткен финалда Лисаковск және «Тобыл» командалары бір-бір голдан соғып, негізгі уақыт 1:1 есебімен тең аяқталды. Пенальти сериясында қостанайлық команданың қақпашы бар шеберлігін көрсетіп, қарсыластың тепкен барлық соққысын қайтарды. Осылайша Қостанайдан келген «Тобыл» футбол командасы Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған турнирдің жеңімпазы атанды.

Жарыс қорытындысы бойынша ұйымдастырушылар үздіктерді анықтады:

Үздік қақпашы – Талғат Рахимов. (Арқалық қ.)

Үздік шабуылшы – Қуаныш Тілеубаев (Лисаковск қ.)

Үздік қорғаушы – Олег Садыков (Рудный қ.)

Көрермендер көзайымы - Қайрат Мизанов  (Арқалық).

Қостанай облысы Футбол одағының басшылығы турнирдің жабылу рәсіменде барлық қатысушыларға зор денсаулық, отбасыларына амандық тіледі. Марапаттау рәсіміне қостанайлық футболдың ардагерлері Нұрлан Утебеков пен Владимир Пахарь қатысты.