Мектеп оқушыларына арналға футбол мерекесі

Астанада УЕФА мен ҚФФ ұйымдастыруымен қыздарға арналған футбол фестивалі өтті.

Дәстүрге айналған шараға 10-13 жас аралығындағы 100-ге жуық оқушы қатысты. Сыйлыққа берілген арнайы спорт киімдерін киген елордадағы 7 мектептің оқушылары 8 топқа бөлініп, әртүрлі жаттығу жасады. Сондай-ақ олар кәсіби футболшылар ұйымдастырған «Көңілді бәйге» жарысында бақ сынады.

- «Grassroots Festival for girls» фестивальі УЕФА аясында өтеді, - дейді ҚФФ Бұқаралық, Әйелдер футболы мен футзал департаменті директорының орынбасары Қуаныш Даткаев. - Біз соңғы екі айда Алматы, Қостанай және Астана сияқты қалаларды қамтыдық. Балалардың спорт шараларына қызығушылығы артып келеді. Көптеген қыз балалардың футболға келе бастағаны қуантады. Осындай шаралар арқылы олар футбол тек ұлдар үшін арналмағанын көреді, қызыға бастайды. Тіпті осындай фестивальдерден кейін футбол үйірмесіне барып, жазылып жатады. Еске сала кетейін, қыркүйек айында Қазақстан Футбол Федерациясы ФИФА-мен бірлесе отырып қыз балалар арасында «Live your goals FIFA» фестивалін ұйымдастырған еді. Қазірдің өзінде бұл форум Қазақстанның жеті қаласында өтіп, 1,5 мың оқушының басын қосты.

- Маған футбол ойнаған қатты ұнады. Ол өте тартысты спрот түрі екен, - дейді он жасар Арайлым Асанова. - Менің құрбыларыма да өте қызықты әрі көңілді болды. Мен қорғаушы болып ойнадым. Қателеспеуге тырыстым. Қорғаушы өте сақ болуы керек екен. Барлығы керемет өтті! Маған футбол қатты ұнады, сондықтан енді үйірмеге жазыламын.

- Шыны керек, бізге мұндай жұмыс ұнады, - дейді топтың нұсқаушысы әрі Қазақстан жасөспірімдер командасының жартылай қорғаушысы Аида Смағұлова. - Біз қыздармен өз тәжірибемізбен бөлісіп көрдік. Оларға да ұнаған сияқты. Олардың тарапынан қызығушылықты көргенде қуанасың. Олар алғашқы жаттығуларын өткізіп, бірінші голдарын соқты. Оқушылар біз үйреткен барлық әдіс-тәсілдерді тез қағып алуға тырысты. Тіпті олар фестивальден кейін келіп, үйірме туралы ақпарат сұрап, қызығушылық танытып жатты. Біз үшін де бұл керемет мүмкіндік. Себебі қазіргі футболшылардың көбі кейін жақсы бапкер болуды жоспарлайды. Сондықтан осындай фестивальдер керек-ақ.

Фото: ҚФФ баспасөз қыметі