Мария Ялова: Балалардың ерік-жігеріне таңғаламын

Мария Ялова кәсіби ойыншы ретінде спорттық мансабын аяқтаса да, футболдан алшақтап кетпеді. Алайда қазір ол ерекше жерде жұмыс істейді. Кезінде үздік ойыншылардың бірі болған Мария №2 арнайы мектеп-интернатта тірек-қимыл жүйесі бұзылған балаларды футболға үйретіп, жаттықтырады.

– Ұлттық құраманың наурыз айындағы оқу-жаттығу жиынына мені бас бапкердің көмекшісі ретінде Талғарға шақырды. Ол жерде мен команда мененджері Шыңғыс Темірхановпен (ред. ҚФФ Бұқаралық футбол департаментінің бас маманы) таныстым, - дейді Мария Ялова. – Ол маған Қазақстанда СР-футбол (Cerebral palsy) ұйымдастырғысы келетінін айтты. Яғни церебральды сал ауруына шалдыққан балаларға футбол үйретуді қолға алу. Оны мұқият тыңдап, бейнероликтер көріп шықтым. Мен қызықтым, бірақ ол кезде дайын емес едім. Ал осы жазда бұл мәселеге қайта оралып, мен бұл ұсынысқа келісім бердім.

Қырқүйекте СР-футбол бойынша алғашқы Қазақстан чемпионаты өтті. Оған кіші және үлкен топтағы балалар қатысты. Алайда жарыста тек Алматы қаласының балалары ғана ойнады. Сондықтан футболдың бұл түрі әр қалада дамуы үшін жұмыс істеп жатырмыз. Өйткені ауруға шалдыққан балалар әр жерде бар, енді тек бапкер тауып, оларды жалақымен қамтамасыз ету керек.

– Бұл көп уақытты талап ететін жоба. Сіз бір ай емес, тіпті жыл емес, одан да көп уақыт айналысуға дайынсыз ба?

– Иә. Жоба жабылып қалмайды деп үміттенемін. Бізді Қазақстан Футбол Федерациясы қолдап отыр. Келесі жылы 19 жасқа дейінгі сал ауруына шалдыққан балалар арасында Әлем чемпионаты өтеді. Біз осы жарысқа өз командамызды жібереміз.

– Бастапқыда ең қиын болғаны не?

– Өз-өзіңді ұстау. Тірек-қимыл жүйесі бұзылған балалардың құлағанын көру. Бұл жерде оларға көтерілуге көмектеспейміз, қал-жағдайын сұрап, жігерлендіруге тырысамыз. Олар бір жетістікке жетсе, қуанасың. Мен әріптесім, кезінде кәсіби футболшы болған Сюзанна Корнецовамен бірге балаларға «істей алмаймын» дегенді айтқызбауға үйретеміз. «Қолыңнан бәрі келеді» деп жігерлендіреміз. Мұндай балалармен жұмыс барысында олардың ішкі күш-қайратына таң қаласың. Бір жері кем демей, бар ер-жігерін салады.

СР-футбол олар үшін керемет мүмкіндік. Балалар онымен көптен бері айналысқысы келген. Сондықтан қазір футбол ойнап, жаттығып, қуаныштарында шек жоқ. Қазіргі таңда қаламызда футболмен 70-80-ге жуық бала айналысады. Тіпті, жүре алмайтын балалар да келеді. Бірақ оларға еш көмек көрсете алмаймыз. Сондай кезде өте ауыр.  

Дереккөз: www.caravan.kz