Александр Кузнецов: Жігіттеріммен мақтанамын

19 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Александр Кузнецов 2018 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңіндегі өз шәкірттерінің жеңісі туралы ой бөлісті.

- Мен турнир басында айтқанымдай, біз бар күшімізді салып ойнадық. Жанкүйерлерімізді жеңіспен құттықтаймын. Жігіттерге де барын салып ойнағаны үшін рахмет айтамын. Ойын басынан жеңіле бастадық, сондықтан кездесу барысында өзгерістер жасауға тура келді. Алаңға жаңа ойыншыларды шығару арқылы гол соғып, ойынды өз қолымызға алғанымыз үшін қуаныштымын. Керемет матч, әдемі жеңіс. 

Турнир барысында жігіттер мінез көрсетті. Төрешілік туралы айтқым келмейді, бірақ Словакиямен болған матчта қызыл қағаз болған жоқ. Нақты айтарым, өмірде де, алаңда да темірдей тәртіпке бағынамыз. Егер олай болмаса, біз қызыл қағаздан кейін ойсырай ұтылып, ойынымыз шашылып қалушы еді. Командадағы тәртіп пен ойыншылардың ақпаратты тактикалық тұрғыда дұрыс қабылдауы – менің сөздеріме дәлел.

Бізге әлі еуропалық командаларға қарсы ойнайтын турнирлерге қатысып, тәжірибе жинау керек. Себебі онда төрешілерге байланысты жағдайлар да, жылдамдық та, футболшылар шеберлігі де басқа. Аяқталған жарысты қысқа қайыратын болсам, бізге осы сияқты турнирлерде жиналатын тәжірибе жетпей қалды.

Алайда егер жыл басынан, яғни Гранаткин Мемориалынан бастап, Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңіне дейін ойналған әр матчты алып қарайтын болсақ, өз жұмысым үшін еш ұялмаймын. Өз жігіттеріммен мақтанамын. Меніңше, осымен тоқтамай, еңбек етіп, ойыншыларды дамуына жағдай жасау қажет. Сонда Ұлттық құрамамызға сапалы футболшылармен толығады.

Осыған қоса жігіттер әлі жас, сондықтан олар өзін шыңдап, әлі талай жұмыс істеу керек. Кейбір ойыншыларды кейде асыра мақтап жібереміз. Біздің міндет – оларға дұрыс бағыт көрсетіп, барымызды үйрету.