Қаратаудан келер қауіп қайсы?

Күздің бірінші күнінде ұлттық құрамамыздың Монтенегро ойыншыларымен кездесетінін өткенде жазғанбыз. Қос құраманың алғашқы ойыны туралы да айтылды. Қарсыластың бетке ұстар ойыншылары Томашевич, Вукчевич, Бечирай, Йоветичтерді таңға дейін мақтауға болады. Алайда… Кояшевичті қайда қоясың?! 

Дамир Кояшевич — қазақ жанкүйерлеріне жақсы таныс тұлға. «Астана» сапында доп тепкен Дәкең креативті ойындарымен көзге көп түсетін. Тіпті Дамирді джокер деп те айтуға болады. Алаңға ауысып шыққанда талай рет қақпаны қақырата гол соққан. Жалпы, Кояшевич ҚПЛ-да 61 ойын өткізді, 12 доптың авторы атанды. Жартылай қорғаушы үшін бұл жаман нәтиже емес. Жасыл алаңда өте пайдалы әрекет етеді. «Астанаға» келмес бұрын, «Дечич» (Монтенегро), «Ягеллония», «Гурник» (Польша), «Зета» (Монтенегро), «Сараево» (Босния) сынды клубтарда өнер көрсетіп, жақсы ойынымен танылған футболшыны 2012 жылы Подгорицаның «Будучност» командасы шақыртады. Нағыз бабында жүрген ойыншы екінші айналымда 15 ойын өткізіп, 2 гол соқты. Сөйтіп Монтенегро чемпионатының жеңімпазы атанып үлгерді. Оған дейін «Сараево» сапында Босния чемпионатының вице-чемпионы болды.

Жазғы маусымда «Астанаға» жалға берілді. Осы сәттен бастап Кояшевичтің Қазақстан чемпионатындағы сәтті кезеңдері басталды. Ол «Астанада» жүргенде ел чемпионатының күміс жүлдегері, кейін жеңімпазы атанды. Кубокқа да қол созды.  Өзі сонысын мақтан тұтады да, өйткені қазақ жерінде ең көп жүлдеге ие болды.

Футболшы таңдаудан жаңылыс баспайтын елордалық клуб мұндай ойыншыдан айырылсын ба?! 2013 жылы монтенегролықпен үш жылға келісім шартқа отырды. Екі жылда елу ойын ойнап, он голды қақпаға тоғытқан Дамир 2015 жылдың басында Тәшкеннің «Локомотивіне» жалға берілді. Өзбекстанда сенімді ойнай алмай, жазда ҚПЛ-ға қайта оралды. Бірақ қос тарап келісім-шарттан бас тартты. Білетіндер «Астананың» бас жаттықтырушысы мен футболшының арасындағы қырғи-қабақ себеп болды деп санайды. Онда біздің шаруамыз жоқ. Бірдеңе деу бұл жерде артық болар. Жалпы, Кояшевич — мінезді ойыншы. Бәлкім, сол мінезінен тапқан шығар деп топшылаймыз.

«Астанадан» кеткеннен кейін, монтенегролық «Младостқа» ауысқан Кояшевич мықты клубта ойнағысы келді. Ақыры дегеніне жетіп, өткен жылы  Македонияның ең титулды клубы «Вардарға» ауысты. Міне, осы кезден бастап, 30-жасар Дамирді ұлттық құрамаға тарта бастады. Ол алғашқы матчын 2018 жылы Ресейде өтетін әлем чемпионатының іріктеу матчы аясында Румыния құрамасына қарсы өткізді. Алаңда 80 минут ойқастап, Йоветичке голдық пас берді. Сөйтіп, матчтың бітуіне он минут қалғанда Марко Вешовичке орнын босатты. Міне, бірінші ойынында-ақ үздік ойынымен танылған Кояшевич өз командасының бас бапкері Любиша Тумбаковичтің сенімін ақтауға тырысып жүр. Бас командада жүріп бір гол да соғып үлгерген ол шабуыл өтіндегі ойыншыларға доп жеткізіп, реті келсе өзі де шабуылдағанды ұнатады.

Қазақстанмен кездескенде Кояшевич ерекше мотивациямен ойнаған еді. Алғашқы соғылған гол да соның арқасында кірген болатын. 90-минут бойы бір тынбай әріптестерін доппен қамтамасыз етумен болды. Техникасы да жетік, дриблингі керемет. Допты жетегіне жақсы көнеді. Енді қарымта матчта футболшы екі еселенген шабытпен ойнайтын болады. Олай дейтініміз, алдымен ол өзінің «Астанада» кеткен «есесін» қайтарғысы келеді. Өзінің үздік ойыншы екенін дәлелдеу үшін барын салатын болады. Екіншіден, ол Монтенегро құрамасына 29 жасында келді. Бәсекелестік деген бар. Артында жалаңдап жастар тұр. Онда тұрақтап қалу үшін қолынан келгенді жасап бағады. Сол себепті Қаратаудан келетін қауіптің кім екенін осы бастан бағамдауға болады деп ойлаймыз.

Мадияр Арыстанбаев

www.alzhan.kz