Сейілда Байшақов: Даниямен өткен ойында құрама дұрыс жолда екенін көрсетті  

Қазақстан футбол федерациясының президенті Сейілда Байшақов футболдан 2018 жылғы Әлем Чемпионатының іріктеу турнирінің аясында Алматыда өткен Қазақстан мен Дания құрамалары арасындағы ойынға өз пікірін білдірді:

- Ең алдымен Қазақстан футбол федерациясының атынан Даниямен өткен ойында ерекше қолдау көрсеткен біздің жанкүйерлерге алғыс айтқым келеді. Жанкүйерлердің қолдауын көрген ойыншылар алаңда бар күшін салып ойнады. Дания - мықты қарсылас. Осындай қарсыластармен ойнау әрдайым қиын.  Дегенмен, футболшылар ел үшін тартысты.

Бауыржан Исламхан алаңнан қуылғаннан кейін де Қазақстан құрамасының ойыны өзгерген жоқ. Оның дәлелі Дания қақпасына соғылған гол. Он ойыншымен ойнаған біздің футболшылар нәтиже үшін күресті. Матч біздің құраманың дұрыс жолда келе жатқанын көрсетті. Ресми ойынға қатысуға біздің жастар да мүмкіндік алып отыр. Алдағы уақытта олар команданы үлкен жеңістерге жетелейтін болады. Ұлттық құрама алдағы ойындарда жақсы нәтиже көрсетіп, барлығын қуантады деп сенеміз. Өйткені, ең бастысы бізде біртұтас болып саналатын команда мен жанкүйерлер бар.